Бүгін Семей қаласында «Мемлекет – бизнес – үкіметтік емес ұйым: тиімді өзара әрекеттесу және серіктестік» тақырыбында өңірлік азаматтық форум өтті.
Шараға Абай облысының әкімі Берік Уәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Елдар Сапаров, «Қазақстан Республикасының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Бану Нұрғазиева, «Қазақстан халқына» қорының қайырымдылық бағдарламалар орталығының басшысы Чингиз Шарапиев, сондай-ақ өзге өңірлерден келген делегациялар, мемлекеттік органдардың, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Форумның ашылуында аймақ басшысы бұл алаңның мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы сындарлы диалог пен өзара серіктестікке жол ашатын маңызды шара екенін атап өтті.
Форум аясында «Жәннат әлемі» қоғамдық бірлестігі азаматтық қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін Абай облысы әкімінің «Денсаулық сақтау саласын дамытуға үлес қосқан үздік ҮЕҰ» номинациясымен және Абай облыстық фтизиопульмонология орталығы басшысының Алғыс хатымен марапатталды.